📙 Пенденің есеп беруіне қатысты мәселелер 📙
а) Адам баласының ең алдымен есебін беретін амалы
🔶 Пенденің Қиямет күні ең алдымен есепке алынатын амалы – намаз. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні адамдардың есепке алынатын ең басты амалы – намаз. Ұлы Раббымыз, (Өзі жақсы біліп тұрса да), періштелеріне: «Пендемнің намазына қараңдар! Толық па екен, кемшін бе екен?» – дейді. Егер толық болса, оған «толық» деп жазылады. Ал егер одан бір нәрсе кемшін болса, (Аллаһ тағала): «Қараңдар! Пендемнің нәпілдері бар ма екен?» – дейді. Егер нәпілдері болса, «Пендемнің парыздарын нәпілдерімен толықтырыңдар!» – дейді. Содан соң (парыз) амалдардың (барлығы) осылай (есепке) алынады», – деген1.
ә) Есеп берудің түрлері
🔶 Пенделердің есеп беруі әртүрлі дәрежеде болады. Кейбіреулердің есебі өте ауыр соғады. Олар – күпір келтіріп, Аллаһқа ортақ қосқандар, пайғамбарларға қарсы шыққандар және ортақ қоспағанымен, көп күнә істеген адамдар.
🔶 Кейбіреулер ешқандай есепсіз жаннатқа кіреді. Олардың саны жетпіс мыңнан аспайды. Олар – осы үмбеттің ізгі-тақуалар санатындағы ең таңдаулылары.
🔶 Кейбіреулер жеңіл есепке алынады. Олардың істеген күнәлары көрсетіледі де, сосын одан сұралмай, кешіріліп жіберіледі. Аллаһ тағала олар туралы: «Ал кім кітабы оң жағынан берілсе, жеңіл есеп қылынады»2, – деген.
🔶 Айша (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «(Қиямет күні) есепке алынған әрбіреу құриды», – дегенін естіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Аллаһ тағала: «Ал кім кітабы оң жағынан берілсе, жеңіл есеп қылынады», – деген жоқ па?» – дедім. Ол (с.а.с.): «Ол (есебі) жай көрсетіліп өтетіндерге. Ал кім есепте талқыға салынса, құриды», – деп айтты», – деген3.
б) Есеп беруге қатысты мысалдар
🔶 Бірінші: Рия ретінде, жұртқа көрсету үшін амал қылғанның сұраққа алынуы. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні болғанда Аллаһ пенделеріне үкім шығару үшін түседі. Барлық үмбеттер тізерлеп тұрады. Ең алдымен шақырылатын (пенде) – Құранды жаттаған адам (яғни қари), Аллаһ жолында өлген адам және мал-дүниесі көп адам. Аллаһ қариға: «Елшіме түсіргенімді саған үйретпедім бе?» – дейді. (Қари): «Иә, уа, Раббым!» – дейді. (Аллаһ): «Үйреткен нәрсеме қандай амал қылдың?» – дейді. (Қари): «Күні-түні оны (Сен үшін) оқитын едім», – дейді. Аллаһ оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Періштелер де оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Аллаһ оған: «Бәлкім, «пәленше қари!» деп айтылуын қаладың! Солай айтылды!» – дейді. Сосын мал-дүние иесін әкеледі. Аллаһ оған: «Біреудің қолына қарамайтындай етіп, саған кеңшілік жасамадым ба?» – дейді. «Иә, уа, Раббым!» – дейді. (Аллаһ): «Саған бергендерім бойынша қандай амал қылдың?» – дейді. «Туыстарыммен қарым-қатынас жасадым, садақа бердім!» – дейді. Аллаһ оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Періштелер де оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Аллаһ оған: «Бәлкім, «пәленше жомарт!» деп айтылуын қаладың! Солай айтылды!» – дейді. Сосын Аллаһ жолында өлгенді әкеледі. Аллаһ оған: «Не үшін өлдің?» – дейді. Ол: «Сенің жолыңда соғысуға бұйырылдым да, соғысып өлдім», – дейді. Аллаһ оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Періштелер де оған: «Өтірік айтасың!» – дейді. Аллаһ оған: «Бәлкім, «пәленше батыр!» – деп айтылуын қаладың! Солай айтылды!» – дейді», – деген. Сосын Аллаһ елшісі (с.а.с.) сөзін жалғастырып Әбу Һурайраға: «Ей, Әбу Һурайра! Осы үшеуі Қиямет күні тозаққа ең алдымен отын болатындар!» – депті4. Осы хадисті естігенде Муғауия (Аллаһ оған разы болсын): «Кім дүние тіршілігін әрі оның сән-салтанатын қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз. Сондай-ақ олар онда кемшілікке ұшырамайды. Соларға Ақыретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниеде жасағандары жойылып кетеді. Негізінде, олардың істегендері босқа»5, – деген аятты оқитын болған.
🔶 Екінші: Жаратушының пендеге күнәларын көрсетуі. Абдуллаһ ибн Амр (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаһ мүмінге жақындап, оны (басқалардан) тасалап, жасырып: «Мына күнәңді білесің бе? Мына күнәңді білесің бе?» – дейді. (Мүмін): «Иә, уа, Раббым!» – дейді. Күнәларын мойындағанда, өзінше: «құрыдым!» деп ойлайды. (Аллаһ): «Сен үшін дүниеде (күнәларыңды жұрттан) жасырған едім. Ал бүгін кешіремін!» – деп, жақсылықтар кітабы беріледі. Ал кәпірлер мен екіжүзділер болса бүкіл жұрт алдында: «Міне, бұлар – Раббыларына өтірік айтқандар. Аллаһтың қарғысы залымдарға тән!»6 – деп масқара етіледі», – деген7.
🔶 Үшінші: Пенденің кейбір сауапты істерді орындамағаны үшін сұралуы. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Қиямет күні Аллаһ тағала: «Ей, Адам баласы! Ауырдым, сен менің көңілімді сұрауға келмедің», – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Сенің көңіліңді қалай сұрап бармақпын?! Өзің әлемдердің Раббысы болсаң?», – дейді. (Сонда Аллаһ тағала): «Сен білмедің бе? Пәлен деген пендем ауырғанда көңілін сұрап бармадың. Сен білмедің бе? Егер оның көңілін сұрап келгеніңде, Мені оның алдынан табар едің», – дейді. (Сосын): «Ей, Адам баласы! Сенен тамақ сұрадым, Маған тамақ берген жоқсың», – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Сені қалай тамақтандырамын?! Өзің әлемдердің Раббысы болсаң», – дейді. (Аллаһ тағала): «Сен білмедің бе? Сенен пәлен деген пендем тамақ сұрағанда, тамақтандырмадың. Сен білмедің бе? Егер оны тамақтандырғаныңда оныңды Менің алдымнан табар едің», – дейді. (Сосын): «Ей, Адам баласы! Сенен су сұрадым, су бермедің», – дейді. (Пенде): «Уа, Раббым! Саған қалай су беремін?! Өзің әлемдердің Раббысы болсаң», – дейді. (Сонда Аллаһ тағала): «Сенен пәлен деген пендем су сұрағанда бермедің. Егер оған су бергеніңде, оныңды Менің алдымнан табар едің», – деп айтады», – деген8.
📚 1 Әбу Дауд, Ахмад.
📚 2 «Иншиқақ» сүресі, 7-8 аяттар.
📚 3 Әл-Бұхари, Муслим.
📚 4 Муслим.
📚 5 «Һуд» сүресі,15-16 аяттар.
📚 6 «Һуд» сүресі, 18-аят.
📚 7 Әл-Бұхари, Муслим.
📚 8 Муслим.
#kiyamet_kayim@uzdik_ht (♕ Үздік Хикаялар/Тағылымдар ♕)