Жәннатыңды қайтарып ал бауырым...
Шыр етіп дүниеге келгеніңде,
Жарылардай қуанды екеуі де.
Ұрпағын жалғастырар ұл сыйлаған,
Шүкір етті, жарылқаушы тәңіріне.
Аман-есен өссін деп балапаным,
Сен үшін жасап еді бар амалын.
Еркелікпен бүлдірсең де талай істі,
Қабақ шытып қарамады саған салқын
Азғантай жетістігіңді айтып сенің,
Алдында мақтанатын дүйім елдің.
Өссін деп өзгелерге жалтақтамай,
Сан түрін алып берді киімдердің.
Сәл ғана ұзап кетсең қастарынан,
Жолыңды ұзақ күтіп болды алаң.
Қолындағы бар байлығын ұсынатын,
Қатарынан қалмасын деп: "Осы балам"
Болса екен деп: қарының тоқ, жүзің жарқын,
Сен үшін бар тәттіні ұсынатын.
Сапарыңнан кешіксең, сен келгенше,
Маза таппай ұйқыларын қашыратын.
Жасырып қол-аяқтың қақсағанын,
Уайымдар деп білдірмейтін шаршағанын.
Оларға бар болғаны керек еді,
Мына сенің қуана шаттанғаның.
Қорғады суық күннен, қатты ыстықтан,
Құдайдан соң екеуі болды панаң.
"Қай жерде жүрсе де аман болсыншы" деп,
Ешқашан тастамайтын дұғасынан.
Ал сен болсаң...
Ата-анаңа жетіп еді кәрілік, қарттық,
Оларды көре бастадың жүктей артық.
Өз үйің бола тұра үкіметтің,
Қойдың-ау қарттар үйін паналатып.
Саған қылған құрметтің ұмыттың бәрін,
Ата-анаңнан артық болды сүйген жарың.
"Отбасыммен бақыттымын"- дейсің бірақ,
Ұғынбапсың әлі де өмір мәнін.
Ата-анаңнан шошыдың сонша неге?
Ортақтаспайды олар сенің дүниеңе
Көп тамақ керек емес... тояр еді,
Шын көңілмен берілген бір кесеге.
Жастайыңнан дініңді үйренбедің,
Дінді білсең дәл бұлай істер ме едің?
"Ата-анаға жақсылық жаса" деген,
Алланың аяттарын ескермедің.
Сені осындай болсын деп тіледі ме,
Қатты тиді-ау бұл ісің жүрегіне.
Немеренің қызығын тамашалап,
Жата алмады тып-тыныш өз үйінде.
Осылайша қалдың жұрттың өсегіне,
Жарамадың ел мақтар перзенттіке.
Адамдардың сөзіне мән бермегенмен,
Аллаға не айтасың қияметте?
Жатқан жоқ аспандағы айды сұрап,
Бар керегі балалық шын махаббат.
Ата-анаңды қартайғанда бағып-қақпай,
Орынына отырсың ит асырап.
Ойланшы өзің бұл ісің адамдық па?
Салындың неге мұнша надандыққа.
Ата-анаңды разы қылмай жатып,
Кіре алмай, кірмейсің жұмақ баққа.
Шағылғанын қаламасаң тауыңның,
Тарқамасын десең ойын-сауығың,
Сағыныштан телмірген терезеге,
Жәннатыңды қайтарып ал бауырым...
Албаров Мадияр